Біріккен химиялық компаниясы РОСНАНО-мен ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыруда

Біріккен химиялық компаниясы РОСНАНО-мен ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыруда

Қазақстандық «Біріккен Химиялық Компания» және ресейлік «Роснано-Синтез» Қоры орта тоннаждық химия технологияларына бірлескен инвестициялар салу перспективаларын қарастырды. Кездесу қорытындылары бойынша Ниет туралы меморандумға қол қойылды, онда Тараптар бірлескен инвестициялар үшін платформаны құруда қызығушылық білдірді. Құжат өзара әрекеттесудің негізгі шарттарын және алдағы іс-шаралардың кестесін айқындайды.

Осы ынтымақтастық шеңберінде метилдиетаноламин (MДЭА) және диметиламиноэтанол (ДМЭА) өндірісі бойынша жобаны іске асыру жоспарлануда. МДЭА табиғи және ілеспе газдағы күкірт қоспаларынан газды тазарту үшін, тоқыма химиясын, маталарға арналған жұмсартқыштарды және т.б. өндірісі үшін, ДМЭА – флокулянттарды, полиуретанды, лакбояу материалдарын және т.б. өндірісі кезінде қолданылады.

Қол қою «БХК» ЖШС және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ делегацияларының Ресейге, оның ішінде «Синтез ОКА» КТ (Дзержинск қ., Нижний Новгород облысы) өндірістік алаңына сапар жасау барысында өтті. Қазақстандық тараптың өкілдері алкилэтаноламиндер өндірісін құру бойынша «Роснано-Синтез» қорының инвестициялық жобасының іске асырылу барысымен танысты және осы бағытта ресейлік әріптестерімен тәжірибемен алмасты.

Ықтимал серіктестік сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағындағы жобаларды іске асыруды көздейді. Осы аптаның өзінде-ақ ресейлік делегацияның бірлескен жобаларды іске асыру бойынша алдағы уағдаластықтар мен әрекеттерді пысықтау үшін Нұр-Сұлтан қаласына қарымта сапар өтеді.

Анықтамалы түрде:

 «РОСНАНО-СИНТЕЗ» қоры – 2018 жылы құрылған РОСНАНО мен «Синтез ОКА» компаниялар тобының бірлескен қоры Ресейдегі химиялық және мұнай-химиялық жобаларға инвестициялар жасайды. Қордың алғашқы инвестициясы алкилэтаноламиндердің – мұнай, газ және азот өнеркәсібі салаларында кеңінен қолданылатын қосылыстардың өндірісі болды.

 «Біріккен химиялық компания» ЖШС 2009 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Директорлар кеңесінің 2008 жылғы 28 қарашадағы шешімімен Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 13 қазандағы кеңейтілген отырысында берілген Қазақстан Республикасы Президентінің «химия саласындағы жобалармен айналысатын арнайы компанияны құру» бойынша тапсырмасын орындау үшін құрылған. Жалғыз қатысушы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ болып табылады.